Read the original announcement in English
Бүгінгі жаңарту Telegram чаттарын одан да қызықты етеді, бейнелер өздігінен ойнатылады. Шағын бейнелер экранға шыққанда дыбыссыз ойнай бастайды. Дыбысты қосу үшін құрылғыңыздағы дыбыс батырмаларын басыңыз.
Деректерді қолдану көлемін бақылауды ұнатсаңыз, жаңа өздігінен жүктеу баптауларын қолданып көріңіз. Қазіргі баптауларыңызды бірден көру оңай, әрі біз Төмен, Орташа және Жоғары алдын ала бапталған режімдер арасында жылдам ауысу жолын қостық (Ұялы, Роумиң және Wi‑Fi).
Сондай-ақ өздігінен жүктеуді чат түріне, медиа түріне және файл өлшеміне қарай қолмен баптай аласыз. Қолданба таңдауларыңызды Жеке режім ретінде сақтайды, қажет болса уақытша Төмен режімге ауысып, қайтадан бұрынғысына оралуға болады.
Деректерді қолдану үшін әдепкі баптаулар енді кеңейтілді, бірақ олар елдегі ұялы интернеттің қолжетімділігіне байланысты. Кейбір жерлерде қосымша 20 МБ жүктегеннен гөрі әскери кеме сатып алу жеңіл (сәлем, Эфиопия). Бұндай елдерде Telegram аз деректер жүктеуге тырысады.
Сізде деректер лимиті өте үлкен болса, Telegram сізді «жүктеу» таңбасын қайта-қайта басудан құтқаруға тырысады.
Бұл жаңа әдепкі шектеулер түбегейлі емес. Бүгіннен бастап біз оларды әр елдегі деректер құны мен сіздің пікірлеріңізге қарай қашықтан өзгерте аламыз.
Жаңа қолданушылар басқа қолданбалардан шыққан әдеттерін алып келеді де, Telegram-да бұның сирек қажет екенін білмейді. Оларға қолданбаны жақсырақ түсінуге көмектесу үшін шығу мәзірінде енді бірнеше балама мүмкіндіктер көрсетіледі.
Кейбірімізде бірнеше телефон нөмірі және бірнеше Telegram тіркелгісі бар: біріншісі – жұмысқа, екіншісі – жеке өмірге, ал үшіншісін әлемді өзге ғаламшарлықтардан құтқарғанда ғана қолданады.
Барлық тіркелгіні қолданбаға қоса аласыз және 3 телефон нөміріне дейін тіркелгілер арасында шығу‑кірусіз оңай ауыса аласыз.
Бірнеше тіркелгі қоссаңыз, олардың барлығына мәлімдемелер келіп тұрады. Мәлімдемеде қай тіркелгіге келгені көрсетіледі. Сондай-ақ баптауларда тіркелгіге ұзақ бассаңыз, оның чаттар тізімін алдын ала көре аласыз.
Бірнеше тіркелгі мүмкіндігі алғаш рет Telegram Android-та пайда болды, енді iOS-та да қолжетімді.
2019 жылы 26 ақпан,
Telegram командасы