Read the original announcement in English

Осы жаңартумен Telegram тіркелгісін SIM картасыз аша аласыз және барлық жаңа чаттағы хаттарды өздігінен жою үшін жалпы таймерді орната аласыз. Топтағы тақырыптар енді бұрынғыдан да қуатты және 100-ден астам мүшесі бар топтар үшін қолжетімді.
Telegram-да телефон нөміріңіз ешқашан бейтаныс адамдарға көрінген емес, қолданушыларымыз нөмірді кім көре алатынын және оларды телефон нөмірі арқылы кім таба алатынын өздері бақылайды.
Бүгін құпиялықтың жаңа дәуірі басталады. Енді сіз Telegram тіркелгісін SIM картасыз тіркей аласыз. Ол үшін Fragment платформасында қолжетімді, блокчейн негізіндегі анонимді нөмірлерді қолданып кіруге болады.
Telegram өздігінен жойылатын хаттарды сонау 2013 жылы енгізген болатын. Қолданушылар кез келген жіберілген немесе алынған хаттарды ешқандай із қалдырмастан екі жақтан да жоя алады. Сондай-ақ белгілі бір уақыттан кейін чаттарды тазалау үшін авто–жою таймерін орнатуға болады.
Бүгін біз цифрлық ізіңізді бақылау мүмкіндігін болашаққа қарай кеңейтеміз. Енді барлық жаңа чаттағы хаттарды өздігінен жою үшін жалпы авто-жою таймерін орнатуға болады.
Бұл бұрыннан бар чаттарға әсер етпейді, бірақ сіз Баптау → Құпиялық пен қауіпсіздік → Хатты авто-жою мәзірі арқылы авто-жою баптауын кез келген чатқа оңай қолдана аласыз.
Таймер барлық жаңа чатыңызға (оны кім бастағанына қарамастан) және сіз жасаған барлық жаңа топқа өздігінен қолданылады.
Сондай-ақ шағын жеке топтарда авто-жоюды орнатуды оңайлаттық, енді топтың аты мен суретін өзгертуге құқығы бар кез келген мүше таймерді қоса алады.
Telegram-ның хаттарды із қалдырмай жою, қолданыстағы және болашақ чаттарды авто-жою таймерімен басқару мүмкіндіктері сізге бүкіл хат тарихына толық иелік ету құқығын береді. Оған аккаунтты SIM картасыз қолдану мүмкіндігін қоссаңыз, бұл абсолютті құпиялықты қамтамасыз етеді.
Өткен жаңартуымыз үлкен топ әкімшілеріне талқылауларды тақырыптарға бөлуге мүмкіндік беріп, классикалық форумдарды заманауи мессенджер технологияларымен ұштастырды. Бүгін тақырыптар бұрынғыдан да дамып, енді 100 немесе одан да көп мүшесі бар топтар үшін қолжетімді болды.
Тақырыптары бар топтар ыңғайлы екі бағаналы режімде ашылады, осылайша сіз басқа чаттарға бұрынғыдай жылдам ауыса аласыз. Чат тізімінен бірден соңғы тақырыпқа ауысу үшін көрініс терезесіндегі жаңа батырманы бассаңыз жеткілікті.
Енді топтарда Жалпы атты негізгі тақырып болады. Онда топтың қызметтік хаттары мен тақырыптарға дейінгі хаттар тарихы сақталады. Бұл тақырып барлық мүшеге ескі хаттарды табу үшін қолжетімді, бірақ әкімшілер бұл тақырыптың атын өзгерте алады немесе оны негізгі тізімнен жасырып қоя алады.
Барлық соңғы хаттарды бірден көру үшін «Хат қып көру» режіміне ауысуға болады. Бұл режімдегі әрбір хатта оның қай тақырыпта жарияланғанын көрсететін батырма бар, оны басу арқылы сол тақырыпқа бірден өте аласыз.
Тақырыптар тізімінде оңай бағдарлау үшін, сіз кіріп көрген тақырыптардың есептегіш белгілері айқындама түспен, ал әлі ашылмағандары ашық түспен көрсетіледі.
Тәртіп пен жүйені жақсы көретіндер үшін топтарда енді 5 тақырыпқа дейін бекітілуі мүмкін және әр тақырыпта шексіз хат бекітуге болады.
Топ иелері тақырыптарды өздерінің Топ баптауында іске қоса алады және кімге тақырыптарды құруға және басқаруға рұқсат берілгенін Рұқсатта басқара алады. Барлығы осы жария топта тақырыптарды сынап көре аласыз.
Әлемдегі ең көп жүктеліп алынған 5 қолданбаның бірі болу Telegram-ды спаммерлердің де басты нысанына айналдырады. Үлкен чаттардың әкімшілері тазалықты сақтау үшін көбіне үшінші тараптың анти-спам боттарына сүйенеді. Бұндай боттар тиімді болуы мүмкін, себебі олар Telegram-ның құпиялық саясатымен шектелмегендіктен, біздің ішкі жүйелерге қарағанда белсендірек әрекет ете алады.
Енді 200-ден астам мүшесі бар топ әкімшілері Telegram-ның өз алгоритмдерінің толық қуатын қолдана алады, ол үшін автоматты спам сүзгілерінің жаңа «Қарқынды режімін» қосу керек.
Әкімшілер кез келген қате бұғаттауды «Соңғы әрекет» бөлімінен хабарлай алады, бұл «дроидтарымызды» болашақта топтарыңызды бұдан да жақсырақ қорғауға үйретуге көмектеседі.
Жария қолданушы аты бар Telegram қолданушылары айналасындағы адамдармен жылдам байланысу үшін QR кодтар жасай алады.
Енді сізде қолданушы аты болмаса және телефон нөміріңізді бәрінен жасырып қойсаңыз, уақытша QR код жасай аласыз. Кодты сканерлеу арқылы адамдар телефон нөміріңізді білмей-ақ сізді контактілеріне бірден қоса алады.
iOS қолданушылары енді Android-та бұрыннан бар эмоджи іздеу мүмкіндігін қолдана алады. Бірнеше тілдегі сөздерді жазып, қажетті эмоджиді, соның ішінде жеке жинақтарды оңай табуға болады.
Эмоджи тақтасын ашу үшін хат жазу кезінде енгізу өрісіндегі
басыңыз.
Қандай да бір эмоджи үшін сөз жетіспесе, оны Аударма платформамызда ұсына аласыз.
Сондай-ақ Android-қа арналған Telegram-да хаттың басында эмоджи ұсыныстарын көру үшін «бақыт» немесе «күлу» сияқты сөздерді жазуға болады немесе барлық Telegram қолданбасында «:кеш» немесе «:бетперде» сияқты хаттың кез келген жерінде қос нүкте мен сөзді жазуға болады. Бұл жаңа емес, жай ғана ұқыпты.
Android-та «Жадтың жұмсалуы» беті жаңартылды. Енді ол әр чаттың құрылғыңызда қанша орын алып тұрғанын көрсетеді.
Жекелеген чаттардың медиа файлдарын (сурет, бейне, музыка және файлдар) түріне қарай сүзіп, кәштен тазалауға болады.
Сонымен қатар, Android әзірлеушілері тұрған орынды үшінші тарап карталарында ашу мүмкіндігін қосты және чаттағы хаттар мен бейін суреттерінің жүктелу дизайнын жақсартты.
Telegram суретшілері тағы 10 жеке эмоджи жинағын дайындады. Premium қолданушылары үшін хаттарда, реакцияларда және статустарда өзін көрсетудің жаңа тәсілдері көбейді.
Кезекті Telegram жаңартуы — жаңа интерактивті эмоджилер. Жеке чатта
эмоджилерінің бірін жіберіп, оны бассаңыз, екі қолданушыда бірдей уақытта ойналатын толық экранды әсерлерді көресіз. Сондай-ақ бұл эмоджилерді барлық қолданушы реакция ретінде қолдана алады.
Бұдан басқа көптеген анимациялы эмоджилер, соның ішінде тулар ![]()
![]()
, күнделікті заттар ![]()
![]()
және кейбір дерексіз белгілер ![]()
![]()
қолжетімді болды.
Бүгінге осы. Біз осы жылдың (мүмкін) соңғы жаңартуымен жұмыс істеп жатқанда, абсолютті құпиялықтың рахатын көріңіз!
2022 жылы 6 желтоқсан
Telegram командасы